Алматыда өрттің 60 пайызы жеке тұрғын үй секторында болады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биылғы жылыту маусымында Алматыда 671 өрт тіркелді. Бұл туралы Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Самат Асаинов онлайн брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, биыл өрттен зардап шегушілер саны 26 пайызға азайып, 31 адамды құраған. Өрттен 38 адам құтқарылып, 235 адам қауіпті аймақтан шығарылды.
«Өрттердің 60 пайызы жеке тұрғын үй секторында орын алатынын ескере отырып, өткен жылдың тамыз айынан бастап тұрғындарға ауқымды үгіт-насихат түсіндіру жұмыстарын жүргізу басталды. Барлығы 145 471 жеке тұрғын үй есепке алынды, қатты отын пайдаланатын 1848 үй толықтай тексеруден өткізілді, оның ішінде 605 әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың үйі қайта тексеріліп (2 рет), өрт қауіпсіздігі туралы 300 мыңнан астам ескертпелер таратылды. Өрттің 402-сі жеке тұрғын үйде болған. Ондағы басты себеп - өрт қауіпсіздігіне немқұрайлы қарау, яғни өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы және пешті тазаламау болып отыр. Сондай-ақ, екі өрт балалардың ойынынан болған», - деді Самат Асаинов.
Сонымен қатар, ол адам шығыны болған 7 оқиғада тұрғындардың мас болуынан өрт шыққанын айтты. Қалған жағдайда өрт электр құралдарын түн кезінде қолданудан шыққан.
«Жылыту маусымында өртті болдырмас үшін ТЖД қызметкерлері кешенді түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың үйіне электр сымдарын тарту, жылу құбырын жүргізу, пешті тазалау сияқты жұмыстар атқарылды», - дейді ол.
Алматы қаласы ТЖД 2020-2021 жылғы жылыту маусымында өрт оқиғаларын және адамдардың жарақат алуын болдырмау үшін төмендегі негізгі ережелерді сақтау қажеттігін ескертеді:
- газ құралдарын қолдануда қауіпсіздік шараларын сақтау;
- жылыту пештері мен газ аспаптарының жанында Жиһаз және басқа да жанғыш заттарды орналастырмау, сондай-ақ киім мен отынды кептірмеу;
- ақаулы электр розеткаларын, электр ажыратқыштарды және электр аспаптарын пайдалануға болмайды;
- электрплиталары мен үтіктер, электршәйнектері мен керосин құйылған ыдыстарды отқа төзімді орынтаққа орнатыңыз;
- жылу беру кезеңінде, жылыту пештерінің мұржаларын, күйе құбырларын тазартыңыз;
- от жағатын пештің алдындағы еденге өлшемі кемінде 50х70 сантиметр болатын қатты темір төсеніш бекіту.