Алматыда «Отаным менің, сен үшін шырқаймын» әскери-патриоттық фестивалі өтіп жатыр

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараның мақсаты - жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттыққа баули отырып, Отан қорғаушыларды құрметтей білуге тәрбиелеу.
Конкурстың бірінші іріктеу кезеңі қыркүйектің 29-ы мен қазанның 9-ы аралығында өтті. Бұл күндері конкурс бойынша іріктеу турға тапсырыстар қабылданды. Шараға қатысуға мектеп, лицей, колледж түлектері, жоғары оқу орындардың студенттері, әскери жастар, музыкалық ұжымдар, әуесқой және вокальды ансамбльдер шақырылған.
Бүгін «Өткен жылдың патриоттық әндері» және «Қазіргі азаматтық және патриоттық әндер мазмұны» аталымы бойынша әндер іріктеуі болады. Қазанның 27-де «Қазақ тіліндегі патриоттық әндер», «Авторлық әндер» аталымдары бойынша әндер іріктеу болады. Жеңімпаздарды, ең жақсы орындаушыларды және құрметті қонақтарды марапаттау қазанның 30-на белгіленіп отыр.