Алматыда «Отаным жүрегімде» атты Республикалық бейнеклиптер байқауы өтеді
АЛМАТЫ. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан /- Алматыда сәуір айының 24-і күні Республика сарайының алаңында салт-дәстүр, тәрбие, өнеге-өсиетке негізделген, әскери-патриоттық тәрбие тақырыбында түсірілген бейнеклиптерге арналған «Отаным жүрегімде» атты Республикалық бейнеклиптер байқауы өтеді.
Бұл туралы бүгін Алматыда аталмыш шараға орай арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні өсіп келе жатқан жас жеткіншектерге патриоттық тәрбие беріп, отансүйгіштік сезімдерге баулитын бейнеклиптер жоқтың қасы. Сондықтан, бұл шараның мақсаты - өз мәдениетіміз бен тарихымызды, туған елімізді, жерімізді, Отанымызды насихаттайтын клиптерді дамыту. Сондай-ақ, жастарға саналы тәрбие беріп, әдептілікке үйрететін бейнеклиптер санын көбейту. Бұл тарапта Елбасы биылғы Жолдауында Ұлы Отан соғысының 65 жылдығының маңыздылығын - өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихатталуын ерекше атап өткен болатын», деді «Жас Отан» жастар қанаты «Заңғар» шығармашылық бірлестігінің төрағасы Айдар Қырықбай. Оның айтуынша, бағдарлама барысында Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге арналған концерттік қойылымдар қойылып, оларға арнайы бағалы сыйлықтар табысталады.
Оңтүстік Қазақстан облысы мәдениет басқарамасының бастығы Айдар Ниязовтың айтуынша, байқауға Астана, Алматы, Өскемен, Орал, Петропавл, Қостанай, Түркістан, Көкшетау және Қызылорда қалаларынан 30-ға жуық жұмыс келіп түскен. «Оның ішінен бүгін 24-і іріктеліп алынды. Бізді жылдан жылға бұл байқауға қатысушылар санының артып келе жатқаны қуантады», деп атап өтті ол.
Байқауға жұмыстар 5 аталым бойынша таңдап алынады. Оған «Қазақфильм» киностудиясының Бас редакторы Дидар Амантайдың төрағалығымен құрылған қазылар алқасы төрелік жасайды. Жүлдегерлер естелік дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.
Баспасөз мәслихаты барысында бұған дейін халық арасында жүргізілген сауалнаманың қорытындысы бойынша, үздік деп танылған телебағдарламалар мен тілшілер ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің арнайы «Алғыс хатымен» марапатталды. Шара соңында тілшілердің құрметіне Оқушылар сарайы жанынан аллея ашылды. Олар шырша ағаштарын отырғызып, естелік тақта орнатты.