Алматыда Отбасы күні мерекесіне қатысушы жанұялардың саны 2 мыңнан асты
Ұйымдастырушылардың айтуынша, түстен кейін сағат 16:00-ге қарай, тек ресми тіркелген жанұялардың саны екі мыңнан асқан. Ал әрбір отбасының кем дегенде 3-4 мүшесі болатыны белгілі.
«FAMILY PARK саябағында Отбасы күні мерекесін тойлау бүгін таңғы сағат 10:00-де басталды. Ол кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Негізгі сахнада аниматорлар әр түрлі қойылымдар көрсетіп жатыр. Балалармен әр түрлі ойындар ұйымдастырылуда. Кешке қарай би флеш-мобтары болады. Балалар шығармашылық ұжымдары концерт береді. Саябақтың амфитеатрында «АртИшок» театры театрландырылған қойылымдар көрсетеді. Бүгінгі шараға келген отбасылар тіркелуі тиіс. Егер тіркелсе, оларға реттік нөмір жазылған, түймедақ гүлінің бейнесі бар қағаз беріледі. Отбасы мүшелері оларды кеудесіне жапсырып алады. Әрбір екі сағат сайын осы түймедақтар бойынша ұтыс ойнатылады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар беріледі. Қазірдің өзінде тіркелген жанұялардың саны екі мыңнан асты. Кешке қарай адамдар саны арта түседі деген үміттеміз, - деді өз сөзінде бүгінгі шараны ұйымдастырушы «Riks» ЖШС басшысы Марина Лапина.
Елімізде соңғы жылдары Отбасы күні мерекесі жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісі күні атап өтіледі. Марина Лапина бұл мерекенің неге бүгін ұйымдастырылып жатқанының себебін былайша түсіндірді.
«Шын мәнісінде әлемде Отбасы күніне байланысты нақты бір белгіленген күн жоқ. Ол керек те емес. Әрбір ел, әрбір қала Отбасы күнін өз еркінше атап өте алады. Мысалы осы таяуда 8-ші шілде күні 60-тан астам ел, оның ішінде Ресей де бар, Отбасы күнін дүркіретіп атап өтті. Осы екпінмен бізде атап өтуді жөн көрдік. Отбасы - бұл қоғамның ұяшығы. Отбасы - өмірдегі басты құндылық. Сондықтан біздің басты мақсатымыз - адамдарды отбасының береке-бірлігін сақтауға, татулыққа шақыру, отбасы құндылықтарын дәріптеу», - деді М. Лапина.
Айта кетелік, бүгін мерекеге байланысты саябақта бірнеше белсенділік аймағы жұмыс істеп жатыр. Мысалы «Қолөнер» алаңшасында балалар дайын бұйымдардан әр түрлі әшекейлер жасаса, «Үй салушылар» аймағында отбасы мүшелері бірлесіп, арнайы дайын картоннан үйшіктер жасайды. Ал «Әкем, анам және мен - спорттық жанұямыз» алаңшасында отбасы мүшелері әр түрлі спорттық жарыстарға қатысады. Жеңімпаздарға әр түрлі бағалы сыйлықтар табыс етіледі.