Алматыда өтетін «Битлз» фестиваліне Ұлыбритания Елшісі қатысып, ән орындайды

АЛМАТЫ. Тамыздың 18-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда өтетін британдық әйгілі «Битлз» тобының 50, топ мүшесі Джон Леннонның 70 жылдық мерейтойына арналған фестивальға Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Дэвид Моран қатысып, ансанбль репертуарынан ән орындайды.
None
None

Бұл туралы бүгін шараның ұйымдастырушысы «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов арнайы өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Естеріңізге сала кетейік, тамыздың 30-ы күні Алматыдағы Астана алаңында британдық музыканттардың мерейтойларына арналған фестиваль өтеді. Мэлс Елеусізовтың айтуынша, шараға 30-ға жуық саясаткер, әншілер мен танымал қайраткерлер қатысады. Олардың қатарында Ғани Қасымов, Нұрлан Абдуллин, Толқын Забирова сынды тұлғалар бар. Фестивальде Елеусізовтың өзі әйгілі топтың «Let it Be» әнін орындамақ. «Шара ешқандай жарнамалық мақсатты көздемейді. Мақсат - әйгілі топтың нағыз әндерін естіп, өткен шақты еске алу. Өйткені аға буын қазіргі жастардың әнін көп түсіне бермейді», дейді «Табиғат» ЭО көшбасшысы. Оның айтуынша, фестивальдің өтетіндігі туралы ағылшын патшайымы да хабардар көрінеді. «Фестиваль тегін болады. Қатысушылар да тегін өнер көрсетуге ықылас танытып отыр. Шараның өтуіне Британ кеңесі, Алматы әкімдігі, Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшілігі қолдау көрсетіп отыр», дейді фестивальдің ұйымдастырушысы. Табиғаттықтардың айтуынша, ағылшын әншілеріне көрсетілетін құрмет бұнымен бітпейді. Фестивальдің ертеңіне қала әкімшілігі бөліп берген жерге 70 ағаш отырғызып, Джон Леннонның атындағы аллея ашылмақ.

Соңғы жаңалықтар