Алматыда өтетін дәстүрлі тау спорты фестивалі үш күнге ұзартылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Шілденің 28-і мен 30-ы аралығында «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында «Іnternational Mountain Sports Festival» халықаралық тау спорты фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұйымдастырушылар халықаралық фестивальді форуммен бастап, спорттық шаралармен жалғастырмақ. Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев биыл бұл фестивальдің аясын кеңейтіп, былтырғымен салыстырғанда мазмұндық жағына көп мән беріліп отырғанын айтты.
«Осы фестивальдің аясын кеңейтіп отырмыз. Былтыр бір күн ғана болса, биыл туризм саласындағы сарапшыларды шақыртып, жан-жақты насихаттай түспекпіз. Форумда біздің даму бағытымызды әлемдік тәжірибемен салыстырып көрмекпіз. Жалпы, Медеу, Шымбұлақ шатқалының толық мүмкіндігін танытқымыз келеді. Мақсатымыз - халықты барынша көбірек спортқа баулу. Жалпы, Алматыда қысқы спортқа керекті инфрақұрылым толық бар», - дейді Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев.
Халықаралық фестиваль Алматы қаласының имиджін, халықаралық және отандық спорт туризмін нығайту және одан әрі дамыту, таулы спорт түрлерін насихаттау мен елге танытуды мақсат тұтып отыр. Шараның басты ұйымдастырушысы «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының маркетинг бөлімінің басшысы Владислав Семенов үш күнгі бағдарлама туралы айтып берді.
«Форум үш күн өтеді. Онда туризм саласындағы халықаралық сарапшылар өз тәжірибелерімен бөліседі. Біз өз тарапымыздан шараның онлайн-трансляциясын ұйымдастырамыз. Сенбі күні музыкалық-спорт фестивалі өтеді. Онда отбасымен келіп демалуға болады. Бұл шараға Олимпиада чемпиондары, танымал спортшылар келеді деп ойлап отырмыз. Жексенбі күні альпинияда болады. Таңғы 5-тен балаларды 4000 метрлік шыңға апарамыз. Жарыс күндері Медеуден Шымбұлаққа баратын автобус тегін қатынайды», - дейді «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының маркетинг бөлімінің басшысы Владислав Семенов.