Алматыда өтетін Еуроодақ-Қазақстан экономикалық форумына Кипрдің іскер топтары қатыспақ

НИКОСИЯ. ҚазАқпарат – Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршаков Кипр Президенті Никос Христодулидиспен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Алматыда өтетін Еуроодақ-Қазақстан экономикалық форумына Кипрдің іскер топтары қатыспақ
Фото: gov.kz

Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршаков Кипр Президенті Никос Христодулидиспен әңгімелесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жеткізді. Мемлекет басшысына ізгі тілектерін жолдаған Н. Христодулидис екіжақты қарым-қатынастардың деңгейін жоғары бағалап, болашақта Қазақстанға сапармен баруға қызығушылық танытты.

Бұдан бөлек, Никосияға сапары барысында С. Бұршақов Кипрдің жаңа Үкімет мүшелері – Әділет және қоғамдық тәртіп министрі Анна Куккидис-Прокопиумен және Энергетика, сауда және өнеркәсіп министрі Йоргос Папанастасиумен келіссөздер жүргізді. Дипломат Кипр ресми өкілдерін Қазақстандағы ауқымды саяси және экономикалық реформалардың жүзеге асырылуы, сондай-ақ жуырда өткен парламенттік сайлаудың нәтижелері туралы хабардар етті.

А. Куккидис-Прокопиумен кездесуде Кипр тарапы Елшіге 2022 жылы елдеріміз арасында қол қойылған өзара құқықтық көмек және экстрадициялау туралы шарттарды Өкілдер палатасында ратификациялағаны жайлы мәлімдеді. Сондай-ақ, Қазақстан-Кипр ынтымақтастығының шарттық-құқықтық базасын одан әрі кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Энергетика, сауда және өнеркәсіп министрлігінде алдағы мамырда Алматыда өтетін Еуроодақ-Қазақстан экономикалық форумы аясында экономикалық ынтымақтастықтың күн тәртібі мен еліміздің инвестициялық әлеуеті талқыланды. Министр Й. Папанастасиу Алматыға сапары барысында қазақстандық және кипрлік кәсіпкерлердің қатысуымен өтетін бизнес-конференцияға қатысатын іскер топтардың делегациясын басқарады деп жоспарланған.