Алматыда өтетін Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған шеруге 700-ден аса қазақстандық байкерлер қатысады
АЛМАТЫ. 30 сәуір. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда 1 Мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған шеруге 700-ден аса темір тұлпардың құлағында ойнайтын қазақстандық байкерлер қатысады.
Олар шеруді Желтоқсан мен Төле би көшесінен бастап, салтанатты түрде «Астана» алаңынан өтетін болады. Алматы байкерлері осылайша қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, мереке күні дәстүрлі байкер маусымын ашпақ. Қазақстан байкерлері осы сынды шаралары өткізуді дәстүрге айналдырған, ал байкерлер маусымының ашылуы олардың жыл сайынғы дәстүрлі шаралары.
Мотоколонна әрі қарай Абай даңғылына жол тартып, Орталық стадионға, сосын Сейфуллин және Белинский көшелерімен жүріп өтіп, Қапшағай жолына шығатын болады. Қала сыртындағы «Ассорти» демалыс орнында олар байкерлер маусымының ашылуын атап өтпек. «Маусым салтанатты ашылу рәсімімен басталады, сосын әр түрлі байқаулар мен турнирлер, мотошоулар өткіземіз. Концерттік бағдарлама да қарастырылған. Біздің дәстүрлі шарамыз би кешімен және отшашумен аяқталатын болады», - деді «MOTORS» байк-клубының президенті, әлемге танымал қазақстандық байкер Дмитрий Петрухин.