Алматыда өткен «Абай оқуларының» жүлдегеріне домбыра тарту етілді

Байқауға Алматы қаласындағы 6 жоғарғы оқу орнынан 30-дан астам студент ішінен іріктелініп алынған 16 үміткер қатысты.
Байқаудың шымылдығын Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті, Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д. Сәуле Ержанова ашып, оқу орынның Абайтану саласында атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып өтіп, барша үміткерлерге сәттілік тіледі.
«Екі аталым бойынша өткен байқау биыл да тартысты өтті. Бірінші бөлімде қатысушылар ақынның лирикалық немесе азаматтық тақырыптағы бір өлеңі мен бір қарасөзін тереңнен түсіне отырып, мәнерлеп жатқа оқу, поэзияны түсіну мен жеткізе білу қабілетінен сынға түссе, екінші бөлімде Абай әндерін өз нақышына келтіріп, музыкалық аспапта үйлесімді сүйемелмен, өз даусымен орындау арқылы сынға түсті. Бағалау кезінде олардың Абай өлеңдері мен қара сөздерін түсініп оқу шеберлігіне, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтап сөйлеуіне, ән орындау нақышына және киім үлгілеріне назар аударылды», - деді қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д. Сәуле Ержанова.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Абай атындағы Ұлттық университетінің студенті Сұңғат Аманбаев қанжығасына байлап, бас жүлдеге тігілген домбыраны жеңіп алды. І орынды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенті Қамажай Еркебаева иеленсе, ІІ орынды Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенті Қалдыкөз Рақымжан мен Қыздар университетінің студенті Гүлназ Нүсіпхан өзара бөлісті. Ал, ІІІ орынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті Жанар Әмірбек, Қайнар университетінің студенті Жандарбек Завкан, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің курсанты Рашид Баратов иеленді.
Топ жарған жеңімпаздар дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.