Алматыда өткен жылы 1,7 млн шаршы метрден астам тұрғын үй тапсырылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- 2022 жылы қалада 1,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 410 шақырым инженерлік желілер салынды. 2021 жылмен салыстырғанда су құбыры коммуникацияларының тозуы 3,1%-ға, кәріз желілерінің тозуы 2,3%-ға төмендеді.
Бұл туралы мәслихаттың VI сессиясында экономика басқармасының басшысы Дастан Өмірбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алматы агломерациясын дамыту аясында көлік желісін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қала маңымен байланыс орнату үшін 2022 жылы Абай даңғылы қала шекарасына дейін ұзартылды, Төле би көшесі ұзартылуда. Қалада 25 шақырым жаңа жол салынып, 200 шақырымнан астам жол жөнделді. Бұл тек Наурызбай және Алатау аудандарында. Осылайша, жақсы жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 86%-ға дейін өсті»,-дейді Дастан Өмірбаев.
Сонымен қатар ол жерасты көлік желісі де дамып келе жатқанын тілге тиек етті.
«2022 жылы 2 жаңа метро станциясы – «Б.Момышұлы» және «Сарыарқа» ашылды. Жолаушылар ағыны 78%-ға, атап айтқанда тәулігіне 58,5 мыңға дейін ұлғайды»,- деді басқарма басшысы.
Дастан Өмірбаев былтыр мегаполисте 1,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін тілге тиек етті.
«2022 жылы мегаполисте 1,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысы өмір сүруге қолайлы жағдай жасауды қажет етеді. Осыған орай, былтыр Алматыда 20 орта білім беру нысаны мен 108 балабақша пайдалануға берілді»,- деді ол.