Алматыда өткен жылы 42 мыңнан астам бала дүниеге келген
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша2020 жылы Алматыда 42 019 бала дүниеге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мысалы, қалалық №2 перзентханада 5,5 мыңға жуық бала, 2937 ұл және 2750 қыз бала туған.
900-ге жуық нәресте хирургиялық араласу арқылы дүниеге келді. Перзентхананың бас дәрігері Гүлнәр Нұрланова атап өткендей, кесарь тілігін жасауға негізгі көрсеткіштер: жатырдағы тыртық, ұрықтың жамбаспен келуі, ұрықтың қауіпті жағдайы, клиникалық тар жамбас жатады.
«Өткен жылы ауыр дәрежелі преэклампсиясы бар 10 әйел босанды. Статистикаға сәйкес, бұл патология ана өлімінің басты себептерінің бірі болып табылады. Барлық 10 әйел сәтті босанды», - деді ол.
Айта кетейік, №2 қалалық перзентхана 132 төсекке арналған қаладағы ең көне босандыру мекемесі. Перзентхананың жабдықталуы шамамен 100% құрайды. Өткен жылдың өзінде 265 бірлік заманауи медициналық жабдықтар сатып алынды, оның 204-і жергілікті бюджет есебінен, қалғаны перзентхана есебінен.
Медициналық көмекті жоғары білікті медицина қызметкерлері көрсетеді. Жалпы перзентхананың жасақталуы 96% құрайды.