14:06, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда өткен жылы автокөліктерден бөлінген улы газдардың көлемі 190 100 тоннаға жеткен
АЛМАТЫ. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматы қаласында соңғы жылдары атмосфера ластануының басты түйткілдерінің бірі автокөліктерден шығатын лас заттар деңгейінің күрт өсуі болып отыр. Бұндай мәліметті «Жасыл сақтық» экологиялық қоғамы келтіріп отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ішкі істер департаменті Жол полициясы басқармасының мәліметтері бойынша, 2008 жылы қалада 523 022 автокөлік тіркелген, соңғы сегіз жылғы тренд бойынша берілген бағаға сәйкес, олардың бір жылғы өсу көрсеткіші шамамен 40 000 автокөлікті құрайды.
Қазірде қолданыста техникалық тұрғыдан ескірген 115 мың көлік бар, автокөліктерден бөлінетін улы газдардың жалпы көлемінің 70 пайызын осы ескі «темір тұлпарлар» шығарады. Былтырғы жылы Алматының қозғалыс құралдарынан 190 100 тонна көмірқышқыл газы ауаға тараған. Өзге қалалардан Алматы аумағына келетін көліктер саны бір күн ішінде шамамен 90 мың данаға жетеді. Осылайша, ЕУРО-2 стандарты енгізілгенше (2009 жылдың шілдесі) шаһардағы автокөліктердің саны 653 мыңнан асып кетуі мүмкін. Болжамдар бойынша, Алматыдағы көліктер саны 2018 жылға қарай 1,5 млн дананы құрамақ.
Автокөлік құралдарының қарқынды өсуі, табиғатты қорғауға арналған талаптардың сақталмауы Алматы қаласының ауа қабатына келіп жатқан кері әсерді ұлғайтуы мүмкін.