Алматыда ойын-сауық нысандарының саны өскен
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандағы ірі кәсіпорындардың үштен бірінен астамы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында орналасқан. Бұл туралы ҚазАқпарат Ranking порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Порталдың хабарлауынша, бір жыл ішінде Қазақстандағы ірі кәсіпорындардың саны 3,9 пайызға көбейген.
«2019 жылдың сәуіріндегі ақпарат бойынша елдегі ірі кәсіпорындар саны 2,46 мыңға жетті. Былтыр осы уақытта Қазақстан бойынша 2,38 мың ірі кәсіпорын болған. Әсіресе Атырау облысында өсім жоғары. Бір жылдың ішінде 120 кәсіпорын тіркелген. Екінші орынға Маңғыстау облысы, үшінші орынға Нұр-Сұлтан қаласы тұрақтаған», - делінген ақпаратта.
Жемісті жұмыс істеп тұрған ірі бизнес нысандары ең көп тіркелген қала Алматы болып отыр. Мұнда 537 ірі компанияның тасы өрге домалап тұр. Ең қызығы, жаңадан тіркелген ірі компаниялардың арасында өнер мен ойын-сауық, демалыс нысандарының үлесі басым. Бір жылда аталмыш санаттағы 43 кәсіпорын ашылып, жалпы саны 22,9 пайызға өскен.
Әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету (132), тамақтану және баспанаға орналастыру (36) қызметіне қатысты кәсіпорындардың саны да артып отыр.