Алматыда Өзбекстан азаматшасы азаматтық некедегі өз күйеуін өлтірді
АЛМАТЫ. 6 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда азаматтық некеде бірге тұрып жатқан әйелі күйеуін пышақтап өлтірді, деп хабарлайды Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Жетісу ауданында орын алған. Азаматтық күйеуі күнде әйелін ұрып соққан, бұл жолы оған шыдай алмаған 20 жастағы әйелі күйеуінің кеудесіне пышақ салған. Жүрек тұсына тиген пышақ соққысынан жәбір көрсетуші сол мезетте көз жұмған.
«Жас отбасы жер үйді жалдап тұрып жатқан. Үйдің иесінің айтуынша, олар тыныш отбасы болған, ішімдік ішпеген, таңертең Орталық базарға жұмыстарына кетіп, кешке келген. Бірақ, оның барлығы олай болып шықпаған. Әйелі күнде күйеуінен таяқ жеп жүрген, бірақ ол туралы ешкімге тыс жармай, ішінде сақтап жүре берген. Сенбі күні кешкісін күйеуі әдетіне басып тағы ұруды бастағанда, әйелі шыдай алмай пышақты күйеуінің кеудесіне салған. Бір қызығы, бұл туралы ақпаратты полицияға әйелдің өзі хабарлап, пәтерге қарақшылық шабуыл жасалды деген. Алайда, оның қылмыстан жалтару ойы іске аспады. Біріншіден ол, қарақшылық шабуыл жасалды деп арыз айтып, бірақ олар ешнәрсені әкетпеді деді, екіншіден, қарақшылардың неге саған тиіспеді деген сұрағына еш жауап айта алмады. Ұзақ уақыт қылмысты мойындағысы келмеген қыз, екі сағаттан соң, шыдай алмай жылап, қалай болғандығын баяндап берді. Ол бұл қылмыстың оған деген ашу-ызадан туындағанын айтып ақталды. Дегенмен, оның қылмысына сот үкім шығаратын болады», - деді Алматы қаласы ІІД жеке тұлғаға қатысты қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Сабыржан Жұрабеков.
Оның айтуынша, Өзбекстан азаматшасы азаматтық күйеуімен бір жарым жыл бұрын Алматыда танысып, сол уақыттан бері Алматы қаласы базарларының бірінде тауарлар сатып келген.
Қазіргі таңда әйел адам уақытша қамау абақтысына қамалды. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.