Алматыда өзен, су қоймаларын тазарту мен абаттандыру жұмыстары қалай жүріп жатыр
Әкімдіктің мәліметінше, наурыз айынан бастап Алматыда Сайран, Қарасу және Әуежай өзендерін механикалық тазарту жұмыстары басталған. Аталған су қоймаларының түбін құрғату үшін оларды сумен қамтамасыз ететін Есентай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің ағысы тоқтатылған.
Бұл ретте Сайран су қоймасының түбі соңғы 50 жылдан бері алғаш рет тазартылуда. Қоқыс пен лайдан тазалау жұмыстарына 4 экскаватор мен 30 самосвал жұмылдырылды. Жобалық ауданы 60 га құрайтын аумақтан 140 мың м3-тан астам қоқыс пен лай шығарылды. Тазарту жұмыстарын жақын күндері аяқтау жоспарланған.

Маусым айының соңына дейін Есентай өзенінің әл-Фараби даңғылынан Шевченко көшесіне дейінгі бөлігін механикалық тазартуды аяқтау жоспарлануда.
Сонымен қатар, Есентай өзенінің әл-Фараби даңғылынан Рысқұлов даңғылына дейінгі аралығындағы кейбір бөліктеріне күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттама әзірлеуге бюджеттік өтініш берілген.
Бүгінде Үлкен Алматы өзенінің №1 тұндырғыштан Абай даңғылына дейінгі бөлігін айналасын абаттандыру және реконструкциялау жұмыстары әзірленуде. Өзен арнасын тазарту жұмыстары қарастырылған жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Сондай-ақ, Үлкен Алматы өзенінің №1 тұндырғыштан Абай даңғылына дейінгі бөлігін,
Есентай өзенінің әл-Фараби даңғылынан төмен кейбір бөліктерін,
Есентай өзенінің Дорожник шағын ауданы мен өндірістік база маңындағы бөліктері,
Кіші Алматы өзенінің әл-Фараби даңғылынан Сәтбаев көшесіне дейінгі абаттандырылған бөлігін санитарлық тазарту, күтіп ұстау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Жалпы, Алматы қаласының аумағында 109 ағынды су бар, оның ішінде ірі 49 өзеннің жалпы ұзындығы 447 шақырымды құрайды. Еске салсақ, өткен жылы Алматыда ұзындығы 14 шақырымды құрайтын өзен жағалауы бекітіліп, абаттандырылған болатын. Соңғы жылдары ұзындығы 206 шақырымды құрайтын жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді, енді 127,7 шақырым жағалау бекітуді қажет етеді», - деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз


қызметі.