Алматыда өзге ұлт өкілдерінің 70 пайыздан астамы мемлекеттік тілді біледі немесе түсінеді - қала әкімі
"Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда қаламыздың орны ерекше екені бәрімізге белгілі. Алматыда қазақ тілін оқып-үйренуге, іс-қағаздарын жүргізуге толық жағдай жасалған. Оған жергілікті бюджеттен жеткілікті қаражат та бөлініп отыр. Бұл тұрғыда қаламыз республикамызда әрқашан да алдыңғы қатарда табылып келеді. Барлық ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құрметі күн өткен сайын арта түсуде ", дейді Ахметжан Смағұлұлы. Қала әкімінің айтуынша, Алматыда қазақ балабақшалары мен мектептерінің саны да жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен 1989 жылы қалада қазақ мектептерінің саны жетеу болса, 5 жыл бұрын - 35, қазір - 50 қазақ, 53 аралас мектеп жұмыс істеуде. Сондай-ақ 1989 жылы қазақ мектептерінде 8 мың бала оқыса, 2005 жылы 60 мың, ал 2010 жылы 70 мыңнан асты.
"Соңғы жылдары салынған мектептердің барлығы қазақ мектептері боп ашылып жатыр. Демек қазақ тілінде білім беру сан ғана емес, сапа жағынан да жетіліп келеді деген сөз. Нақты зерттеулерге сүйенсек қаламыздағы өзге ұлт өкілдерінің 70 пайыздан астамы мемлекеттік тілді білетінін немесе түсінетінін көрсеткен. Бұл біртіндеп қазақ тіліндегі ортаның қалыптасып келе жатқандығының дәлелі. Алматылықтардың 74 пайызы елімізде жүргізіліп жатқан тіл саясатына көңілдері толатынын танытқан", дейді А. Есімов.