Алматыда пән олимпиадаларында көрсетілген жоғары білім мен кәсіби шеберлігі үшін Қарасай ауданының үздік мұғалімдері марапатталды

АЛМАТЫ. 31 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыдағы ҚР Тұңғыш Президенті қорында дәстүрлі «Тілашар» акциясы өтті. 

Алматыда пән олимпиадаларында көрсетілген жоғары білім мен кәсіби шеберлігі үшін Қарасай ауданының үздік мұғалімдері марапатталды

Биыл төртінші рет өткізілген бұл шараның ұйымдастырушысы Алматы облысындағы «Қарасай ауданының білім беру қоры» корпоративтік қоры. Онда пән олимпиадаларында  көрсетілген  жоғары білім және кәсіби шеберлігі үшін ауданның үздік 20 мұғалімі арнайы дипломдармен марапатталды. Олардың ішінде Еңбекші орта мектебінен Қалдыгүл Нұрғалиева, Алғабас орта мектебінен Әсел Нүсіпәлиева, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептен Амангелді Абдуллаев, Ушинский атындағы орта мектептен Сәлима Уақасова, Ғ. Мұстафин атындағы орта мектептен Жансая Байтақбаева және дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Әл-Фараби атындағы арнаулы гимназиядан Әлия Сманова, Әсем Қалымова, Жаңылхан Тастағанова мен өзге де білім ордаларының оқытушылары бар. Бұл акция кезінде сондай-ақ, аз қамтамасыз етілген және өзге де отбасылардағы 1-інші сыныпқа баратын 200 балаға  мектепке қажетті оқу жабдықтары берілді.

«Үздік мұғалімдерді өзіміз мектеп пен ондағы оқушылардың пәндік олимпиадалар мен өзге де шығармашылық байқауларда көрсеткен жоғары нәтижесіне жасалған арнайы  рейтинг бойынша анықтадық. Енді келесі жылдан бастап  жоғары оқу орындарымен бірлесіп оншақты шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Олар ең алдымен қазақ тілінің деңгейін көтеру және  өндіріске қажетті математика, физика,  биология, химия сияқты мамандықтар бойынша өтпек. Өйткені жоғары оқу орнын бітірген мамандардың көпшілігі мамандық таңдаудағы қателіктен өз саласы бойынша жұмыс жасамайды. Ал өндірісте жұмыс істейтін мамандарға деген сұраныс жоғары», - дейді «Қарасай ауданының білім беру қоры» корпоративтік қорының директоры Еркін Исраилов. Е.Дәулетұлының сөзіне қарағанда, Германия сияқты дамыған елдерде мектеп бітірушілердің 25 пайызы ғана жоғары білім алады.  Ал  өзгелері кәсіптік білім беру мекемелерінде мамандықтар игереді. Бұл елдің дамуына өз ықпалын тигізіп,  экономиканы ұстап тұрған шаруашылықтардың қажетті мамандармен қамтамасыз етілуіне көмегін тигізеді. Ал бізде жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру әлі күнге дейін кемшін түсіп отыр.