Алматыда панкратионнан WAFC нұсқасы бойынша халықаралық турнир өтеді
АЛМАТЫ. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда қаңтардың 30-ы күні Республика сарайында панкратионның WAFC нұсқасы бойынша Әлем чемпионаты кезеңінің матчы өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оны Алматы қаласының әкімдігі мен "Бейбарыс-Profil" кәсіпқой спорт клубы ұйымдастырып отыр. Ережесіз жекпе-жектен Әлемнің 3 дүркін, Еуразияның 2 дүркін және Азия, Еуропа чемпионаттары мен Әлем кубогының жеңімпазы Ардақ Назаровтың айтуынша, Бүкіләлемдік абсолюттік жекпе-жектер кеңесінің (WAFC) тұжырымдамасы бойынша өтетін бұл турнирде панкратионнан Қазақстан мен Үндістан құрамалары кездеседі. Онда ел намысын Бейбіт Назаров, Төлеген Ақылбеков, Мейірлан Құрманалиев, Қазыбек Әшімов, Бегнар Аманбаев, Аслан Мейірлан мен Аслан Тоқтарбаев қорғайды. Халықаралық турнирде сондай-ақ кәсіпқой бокстан Қазақстан мен Ресей былғары қолғап шеберлері арасында рейтингтік жекпе-жек өтеді. Бұл сайыста 63,5 килә салмақта Жанқош Тұраров бақ сынайтын болады. Азия, Еуропа чемпионаттары мен Әлем кубогының және Еуразияның 2 мәрте жеңімпазының сөзіне қарағанда, алдағы шілде айында Астана қаласында ережесіз жекпе-жектен Әлем чемпионаты өтпек.