Алматыда пара алған өрт сөндіру қызметінің маманына жаза тағайындалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Жетісу ауданының №2 соты пара алды деп айыпталған Алмалы аудандық төтенше жағдайлар қызметінің бас маманы Р. Жүнісовке қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі.
«Соттың анықтауы бойынша, Р. Жүнісов Алматы қаласы Алмалы аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы ретінде өз қызметінің шеңберінде «Тенгиз-Сервис» ЖШС-нда өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы бойынша тексеру, өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылғандығын анықтаған. Р.Жүнісов «Тенгиз-Сервис» ЖШС-ның басшысын әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін одан 120 мың теңге көлемінде пара алған», делінген хабарламада.
Сот отырысы барысында Р. Жүнісов кінәсін толығымен мойындап, жасалған іс-әрекетіне өкінетінін айтты.
Сот үкімімен Р.Жүнісов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366 бабының 2 бөлігінде (пара алу) көзделген қылмыстық іс- әрекетті үшін кінәлі деп табылды. Оған параның алпыс еселенген сомасы мөлшерінде, яғни 7,2 млн теңге көлемінде айыппұл жазасы тағайындалды.
Сот сотталушының мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырды. Оны сонымен қатар өртке қарсы қызмет майоры арнайы атағынан айырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.