Алматыда пара алған полицей сотталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда пара алған полицей сотталды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Алматыда пара алған полицей сотталды

Іс материалдарына сәйкес, қалалық ІІД жол-патрульдік полициясының қызметкері Б.Дәуітбаев Сейфуллин-Мақатаев көшелерінің қиылысында қызметін атқара жүріп қоғамдық көлікті тоқтатқан.

Полицей автобус жүргізушісі Наурызбаев есірткі шекті деп күдіктенген. Полицей жүргізушіге «әкімшілік хаттама толтырам, куәлігіңнен айрыласың» деп қорқытқан. Дауытбаев «егер 1000 АҚШ доллары көлемінде пара берсең, жылы жауып қоямыз» деген. Ақшаны өз қолымен алмау үшін полицей өзінің танысы Әбеновті тартқан. Кешкі 21:00 шамасында Sinooil жанармайқұю стансасында Әбенов Наурызбаевтан 365 мың теңге көлеміндегі қаржыны алады. Пара алу процесіне Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің өкілдері куә болған.

Медеу аудандық соты Дәуітбаевты ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлімімен, 366-бабының 2-бөлімімен айыпты деп тауып, пара көлемінен 60 есе артық сома, яғни 21,9 млн теңге көлемінде айыппұл салды.

Әбенов те ҚР ҚК 368-бабының 1-бөлімімен айыпты деп танылып, пара көлемінен 10 есе артық сома 3,65 млн теңге төлеуге мәжбүрленді.