Алматыда пәтер тонаумен айналысып келген бірнеше топ құрықталды

 АЛМАТЫ. 29 ақпан. ҚазАқпарат - Алматыда пәтер тонаумен айналысып келген бірнеше топ құрықталды.
None
None

Бірінші топты 36 жастағы Зифат есімді тәжікстандық келімсек  басқарған. Ол өз Отанында бірнеше рет бөтеннің мүлкін ұрлап, біздің ел аумағында бой тасалап жүргендер қатарынан болып шықты. Тәжірибелі пәтер ұрысы Ресей Федерациясында өзінің жымысқы әрекеті үшін жазасын өтегеннен кейін Алматыға ат басын тіреуді жөн санаған. 2011 жылы Алматыға келген ол Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласының 40 жастағы тұрғынымен пәтер тонауға уағдаласып, қылмыстық топ жасақтаған. Олар өздерінің қылмыстық іс-әрекеттерін көп қабатты элиталық үйлерде жүзеге асырып келген және тек қана ақшалай қаражатты жымқырумен айналысқан. Қазіргі уақытта олардың жеті қылмысқа қатысы бары анықталып отыр.  

Ал үш адамнан тұратын екінші топ Алматы облысы Райымбек ауданының тұрғындары болып шықты. Түрлі елді-мекендерден келген олар Алматыда қылмыстық топ құрып, тек қана қаланың Алатау ауданы аумағындағы жеке сектордағы үйлерді тонаумен айналысқан. Олар қолына ілінген тұрмыстық техника мен әшекей бұйымдарды, алып шығуға ыңғайлы басқа да  заттарды жымқырып жүрген. Небәрі бірнеше аптаның ішінде сегіз үйді тонап үлгерген. Тергеу амалдары аяқталғанша жәбірленушілер саны бұдан да арта түсуі мүмкін деген болжам бар. Қылмыстық топтың серкесі 27 жаста болса, қалған екеуі 26-да. Еш жерде жұмыс істемейтін олар мұндай қылмысқа материалдық жағдайларының төмендігі салдарынан барғандықтарын айтып ақталуда.

Соңғы жаңалықтар