Алматыда патриоттық әндер фестивалі басталды
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда жас орындаушылардың «Отаным, сен үшін ән саламын» атты әскери-патриоттық қалалық ән байқауының алғашқы іріктеу кезеңі басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өнер бәсекесін Алматы қаласының жастар саясаты жөніндегі басқармасы, Ауған соғысы мен өзге де әскери қақтығыстардың ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық ұйымдарының Үйлестіру кеңесі және Медеу аудандық Ауған соғысы ның ардагерлері мен мүгедектері одағы бірігіп ұйымдастырып отыр.
«Шараның басты мақсаты - жастардың патриоттық сезімін қалыптастырып, Отан қорғаушыларды құрметтеуге тәрбиелеу. Байқаудың алғашқы кезеңі қыркүйектің 29-ы мен қазанның 9-ы аралығында өтеді. Онда үміткерлерден өтініштер қабылданып, іріктеу сындары болады. Өнер жарысына 15-30 жас аралығындағы кәсіпқой, әуесқой әншілер мен шығармашылық ұжымдар қатыса алады. Үміткерлер «Өткен жылдардағы патриоттық әндер», «Қазіргі заманғы патриоттық және азаматтық мазмұндағы әндер», «Қазақ тіліндегі патриоттық әндер», «Авторлық әндер» аталымдары бойынша бақ сынайды», дейді Ауған соғысы мен өзге де әскери қақтығыстардың ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық ұйымдарының Үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдіұшқыров.
Байқау жеңімпаздарының есімдері қазанның 26-27-сі күндері өтетін ақтық сында анықталып, қазанның 30-ындағы гала-концертте марапатталады.