Алматыда пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионаты басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ерлер мен әйелдер, жасөспірімдер, ұлдар мен қыздар және ардагерлер арасында пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионаты және классикалық пауэрлифтингтен жекелей сында ел чемпионаты басталды. Спорттық іс-шара Алматы қаласы Дене шыныктыру және спорт басқармасының қолдауымен өтуде. Әлия қонақжайында өтіп жатқан пауэрлифтинг жарысы 2017 жылдың 7 наурызына дейін жалғасады. Жанкүйерлер бұл іс- шараны таңғы 10.00-ден 17.00-ге дейін тамашалай алады.
Ел чемпионатына Германия мемлекетінен келген арнайы қонақ шақырылды. Гастон Параш мырза, IPF әлемдік федерациясының орынбасары.
- Біріншіден, барлық пауэрлифтинг нұсқаушыларына алғысымды білдіргім келеді. Себебі, спортшының жеңісі оның нұсқаушысына байланысты. Нұсқаушылар, дұрыс бағыт-бағдар беріп, антидопинг ережелері жайлы ескертіп, тәртіпке үйретуі қажет, - дейді IPF әлемдік федерациясының орынбасары Гастон Парш.
Кеше ерлер мен әйелдер, жасөспірімдер, ұлдар мен қыздар және ардагерлер арасында жатып сығымдаудан Қазақстан Республикасының Чемпионаты және классикалық пауэрлифтингтен жекелей сында Қазақстан чемпионаты мына категориялар бойынша өтті: 105,120,120+. Жалпы айтқанда, бүгінгі пауэрлифтинг чемпионатына 600-ден астам спортшы қатысты.