Алматыда «Пайдалы ас - Саламатты ел» фестивалі өтуде
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласының Әуезов ауданы әкімдігі алдындағы алаңда «Пайдалы ас - Саламатты ел» фестивалі өтуде. Бұл шараны өткізудегі басты мақсат - «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында саламатты өмір салтын насихаттау және дұрыс тамақтану жүйесін жұртшылыққа кеңінен түсіндіру.
«Бүгінде елімізде әртүрлі аурулармен қатар, семіздік - үлкен мәселеге айналып отыр. Ал бұл, көп жағдайда дұрыс тамақтанбаудың салдарынан болатындығы даусыз. Қазір дүкендер мен базарларымызда химиялық тыңайтқыштардың күшімен өсірілген, гендік модификацияланған ағзалардан тұратын азық-түліктер мен жеміс-жидектер қаптап кетті. Ал олардың зияндылығы үлкен. Сондықтан, Алматы мен Алматы облысында экологиялық жағынан таза өнімдер, азық-түліктер шығаратын отандық кәсіпорындардың, шаруа қожалықтарының басын қосып, осындай фестиваль өткізуді жөн көрдік. Енді алдағы уақытта фестивальды қаланың әрбір ауданында өткізіп, кейін республикалық дәрежеде өткізуді алдымызға мақсат етіп қойып отырмыз» - деді өз сөзінде бүгінгі шараның басты ұйымдастырушысы - «Макс-Эль Медиа тобы» ЖШС бас директоры Гүлзия Кузнецова.
Бүгінгі фестиваль аясында сонымен қатар, алаңда «Үлкен қала жағдайындағы пайдалы ас тұжырымдамасы» атты дөңгелек үстел болып жатыр.
Сондай-ақ, қаладағы белгілі аспаздар мен диетологтардың қатысуымен пайдалы тағамдарды дұрыс әзірлеу бойынша шеберлік дәрістері жұртшылық назарына ұсынылды.
Фестиваль аясында экспресс-диагностика орталығы ұйымдастырылды. Мұнда дұрыс тамақтану саласының мамандары, диетологтар келушілерге әр түрлі аурулардан сақтану, семіздікпен күресу және дұрыс тамақтану мәселелері бойынша тегін ақыл-кеңестерін беруде.
Бүгінгі фестивальге әр түрлі өнімдер шығаратын отызға жуық ұйымдар қатысты. Олардың жайма сөрелерінен жәй сулап қана ыдыс-аяқтарды тазалай беруге болатын шүберектерден бастап, экологиялық жағынан таза азық-түліктерге дейін сатып алуға болады.
Фестивальге Алматы қаласының ішкі істер департаменті, Балалар мен оқушылардың дұрыс тамақтану саясатын ендіру және бақылау қауымдастығы және Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімдігі қолдау көрсетіп отыр.