Алматыда полицейлер көлік ұрысын 7 минуттың ішінде құрықтады

АЛМАТЫ. 23 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда оңай олжаға кенелмек болған көлік ұрысы ұсталды. Еш жерде жұмыс істемейтін 24 жастағы бұл азамат Түрксіб ауданында Ақан сері көшесінің бойындағы үйлердің бірінің ауласында тұрған «Дэу Нексиа» маркілі машинені айдап әкетуді ойластырған.
None
None

«Ол көлік есігін ашуда сүйменді пайдаланған. Автомобилдің дабыл қаққышпен жабдықталмауы оның жұмысын жеңілдеткен. Алайда көрші ауладан шыққан шуды естіп, бұл ұрлықты байқап қалған бір азамат күдікті жөнінде Жедел басқару орталығының операторына хабарлайды. Жақын маңда қызметін атқарып жүрген патрульдік экипаж оқиға орнына жедел жетіп, көлік иесінен жауап алғаннан кейін, полицияның барлық нарядтарына айдап әкетілген көлік туралы тұспалды бағдар береді. Ол өз нәтижесін берді», - дейді қалалық ішкі істер департаменті Жол полициясы басқармасының бастығы Арман Сарбасов. Оның айтуынша, жол полициясының экипажы іздеудегі автокөлікті Жұмабаев көшесінің бойынан байқап қалады. Оларды көрген ұры көліктің жылдамдығын арттырып қашып кетуге әрекет жасағанымен із кесушілерден құтыла алмады. Бехтерев көшесімен қиылыста жол полициясы басқармасының нарядтары оның жолына тосқауыл қояды.

«Күдікті азамат өз қылмысын бірден мойындады. Өзінің алғашқы рет заңды бұзғанын, бұрын ешқашан қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын айтып ақталуға тырысады. Тергеу кезінде оның бірнеше жыл техникалық жөндеу орталығында жұмыс істегені анықталды. Ол өзінің ептілігін пайдаланып, көлік қорабының агрегаттық деректерін жойып, қайта сатуды жоспарлауы мүмкін. Бірақ бұл тек болжамдардың бірі ғана. Қылмыстың толық мән-жайы тергеу кезінде анықталатын болады», - деді полковник А.Сарбасов.

Соңғы жаңалықтар