Алматыда полиция қызметкерлері 35 түп көшет отырғызды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына» орай ұйымдастырылған «Көшет отырғызу» науқанын Алматының полиция қызметкерлері қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Алматыда полиция қызметкерлері 35 түп көшет отырғызды

Жергілікті әкімдік өкілдерінің көмегімен Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы және Әуезов аудандық Полиция басқармасы мен бөлімшесінің қызметкерлері «Мамыр-2« ықшам ауданында көшеттер отырғызды.

Аталған шараға ауданның тұрғындары да қолдау көрсетті. Мақсаты – қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, жаңа жасыл аймақтарды абаттандыру болды.

Шараға қатысушылар мұндай науқанның жыл сайын қарқын алып, оған бейжай қарамайтындардың қатары көбейеріне сенімді.

Шараға 35 адам қатысып, 35 түп қайың көшеті отырғызылды.

Полиция барлық қатысушыларға «Есірткіге бірге қарсымыз» және «Назар аударыңыз! Бей-жай қарамаңыз» жадынамаларын таратты.