Алматыда полиция қызметкерлері өртеніп жатқан үйден 6 адамды құтқарды

«Бірінші қабаттағы пәтер өртеніп жатты. Қою түтіннен көру мүмкін емес болды. Екінші қабаттан көмекке шақырған дауысты естіп, қасымдағы әріптесім екеуміз баспалдақ әкеліп бір отбасы мүшелерін, әкесін, нәрестесімен анасын, қызын жерге түсірдік. Кейін қасындағы балконнан көмекке шақырған қарт әйел мен оның ұлын құтқардық, - деді «Боран-268» экипажының жетекшісі, полиция аға лейтенант Айбол Ахметшиев.
Өрт шыққан пәтер түгелімен жанып кеткен. Полицияның айтуынша, ол пәтерде бұрын бірнеше рет сотталған ер адам мен ішімдікке әуес көңілдесі тұрған.
«Өрттің тұтануына олардың көңілді отырыстары әсер етуі мүмкін. Қалған пәтерлер ішінара зақымданған», - деді қалалық ІІД жол-торуыл полициясының полк командирі Айтжан Әлмұханбетов.
Аман қалған тұрғындар дер кезінде көмек қолын созған полиция қызметкерлеріне ризалығын білдіруде.