Алматыда полиция оқу орталығынан оргтехника ұрлағандарды ұстады

Полиция департаментінің хабарлауынша, қылмыс 20 сәуірге қараған түні жасалған. Полицияға шағым үш күннен кейін түскен. Орталық иесі ұрланған дүниесін 150 мың теңгеге бағалады.
«Осы қылмысты ашу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды, оның құрамына қаланың криминалдық полициясының қызметкерлері де бар. Бейнебақылау камераларынан деректерді зерттедік. Үш адамның жүргенін анықтадық, олардың жеке басы бізге жедел-іздестіру шараларының нәтижелерінен белгілі болды. Өткен күні күдіктілер Алатау ауданындағы «Шаңырақ» шағын ауданында ұсталды», дейді Алматы қалалық ПД басшысының орынбасары Берік Әбілбеков.
Белгілі болғандай, ұсталғандар бұрын қарақшылық, тонау және біреудің мүлкін ұрлағаны үшін сотталған. Қазір олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сондай-ақ, осы үштіктің «Шаңырақ» ықшам ауданында орналасқан азық-түлік дүкендеріндегі үш ұрлыққа қатысы бары анықтады.
«Қазіргі уақытта басқа қылмыстық эпизодтарды анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, ұрланған мүлікті тарату арнасын анықтаймыз. Тергеу жалғасып жатыр», – деді Әбілбеков.