Алматыда полициялық эстафета жарысы өтті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда полициялық эстафета жарысы өтті. Оған ІІД барлық қызметтері мен бөлімшелерінен 120 полиция қызметкері қатысты. Бұл туралы Алматы қ. ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Алматыда полициялық эстафета жарысы өтті

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары қолға алынған бұл жарыс 1992 жылға дейін ұйымдастырылып келген болатын. Кейін он жылдық үзілістен кейін 2002 жылы қайта қолға алынды, - делінген хабарламада.

«Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күніне орай полиция эстафетасын өткізу дәстүрге айналды. Бұл жерде басты талап - жарысқа полиция формасында қатысу. Не үшін? Полиция қызметкерлерінің қашанда сақадай сай екендіктерін, олардың саламатты өмір салтын ұстанатындықтарын және дене бітімі жағынан мықты екендіктерін жұртшылыққа паш ету, соған көздерін жеткізу. Яғни, қала тұрғындары полиция қызметкерлеріне қашан да арқа сүйей алады. Көмек дер кезінде келіп жетеді» - деді жарыстың ашылу салтанатында Алматы қ. ІІД кадрлық жұмыстар бойынша басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Олжас Мырзабеков.

Жарыстың нормативтері полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмыстарына барынша жақындастырылды. Эстафета 9 кезеңнен тұрды. Олардың ішінде патрульдық жүгіру, газтұтқышпен жүгіру, автомат асынып, зембіл ұстап жүгіру секілді сайыстарды атап өтуге болады. Жарысқа барлығы 11 команда қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша жол-патрульдық полиция полкының қызметкерлері бірінші орынды иемденді. Екінші орында - айдауыл қызметінің батальоны. Ал шұғыл әрекет жасау арнайы жасағы - үшінші орынды місе тұтты.

Саламатты өмір салтын ұстану - Алматы қ. полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмыстарының ажырамас бөлігі екені рас. Полицейлер қылмыстарды кәсіби тұрғыда ашып және олардың жолын кесіп қана қоймайды, сондай-ақ спортпен де шұғылданады. Бүгінде полицейлер арасында да көптеген спорт шеберлері мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бар.