Алматыда полиомиелитке қарсы алдын алу шаралары жүргізілуде
АЛМАТЫ. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Полиомиелитке қарсы вакцина Алматы қаласында жеткілікті. Балаларды қабылдау және тарату орталығында 15 жасқа дейінгі 37 жасөспірім және Тәжікстаннан келген 4 бала полиомиелитке қарсы егілді.
Қазіргі кезде бұл инфекциялық дерт орын алған жерге бара жатқан адамдар өздері хабарласып, егілуде. Бұл туралы бүгін Алматыда «Полиомиелит жұқпасымен күреске Қазақстанның дайындығы» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында Алматы қалалық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бастығы Сәуле Нұрғалиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Қазақстанға келіп, көші-қон полициясында уақытша тіркеуде тұрған 1001 азаматтың 9- баласына да полиомиелитке қарсы егу жұмыстары жүргізілген. «Бірақ, бізде тіркеуде жоқ қаншама адамдар бар. Біз сондықтан, қазір Алматы қаласының ІІД қызметкерлерімен тіркеуде жоқ азаматтарды анықтаудамыз», деді ол.
Ол сонымен қатар, иммунитетті көтеруге байланысты шаралардың да атқарылып жатқандығын жеткізді. «Оған бізге 151 000 бала бөлінді. 52 ата-ана егуге қарсылық білдіргендіктен, біз барлық ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз және оларға «егу - полиомиелитке қарсы ең тиімді жол» деп айтқымыз келеді», деп атап өтті Сәуле Нұрғалиева. Оның айтуынша, Ұлттық жоспарға байланысты иммунитеттің жоғары, төмендігін білу үшін, сондай-ақ, вакцинаның әсерін анықтау мақсатында егілген балаларға зерттеулер жүргізіледі. «Қазір оған 5 бала таңдап алынды», деді Сәуле Нұрғалиева.
Жиын барысында Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының Ұлттық орталығы директорының орынбасары Татьяна Слажнева: «Әр адам бұл аурудың қауіптілігін сезініп, жауапкершілікпен қарауы керек, балаларды қорғау үшін алдын алу шараларын қолдану керек», деп атап өтті.
«1988 жылы полиомиелитке шалдыққан 125 ел болатын. Қазіргі уақытта әлемнің 4 елінде: Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан және Нигерияда полиомиелит әлі жойылған жоқ. Соңғы уақыттары, Тәжікстан, Ресей елдерінде полиомиелит жағдайы тіркелгендіктен, біздің елге де қауіп бар. Сондықтан, біз де алдын алу шараларын жүргізудеміз. Әуежайлар мен теміржол вокзалдарында санитарлық-карантиндік бақылауды күшейттік, сал ауруының Қазақстандағы, сондай-ақ, дерт тіркелген елдердегі эпидемиологиялық ахуалдың мониторингі жүргізілуде, әр түрлі себептермен егілмей қалған балалар анықталуда», деді Қазақ Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық стансысының директоры Бауыржан Байсеркин. Оның айтуынша, барлық медициналық мекемелер дайындық жұмыстарын жүргізіп болды.
Анықтама: Полиомиелит - сал ауруын туындатып, көбіне аяқ пен дене бұлшық еттерінің қызметін бұзатын, жүйке жүйесін зақымдайтын, жедел дамитын жұқпалы дерт.
Жұқпа тағам, су, тұрмыстық қарым-қатынас арқылы, сирек жағдайда ауа-тамшылы жолмен беріледі. Полиомиелиттің қоздырушысы суда, сүтте, ағын суларда ұзақ уақыт сақталады, ал қайнатса өледі.
Полиомиелитке барлық жастағы адамдар, жиі жағдайда 15 жасқа дейінгі балалар шалдығуы мүмкін. Бұл дерттен қорғайтын жалғыз құрал - дер кезінде егілу болып табылады.
Профилактикалық егулердің Ұлттық күнтізбесіне сәйкес вакцинациялау 2, 3, 4, және 12-15 айлық мерзімдерде өткізіледі. Иммунизациялау үшін ДДҰ кепілді сапа сертификаты берілген полиомиелитке қарсы вакцина пайдаланылады.