Алматыда пойыздың әйнегін сындырған жолаушы ұсталды

«Алматы-1» станциясы вокзалында «Павлодар-Алматы-1» бағытындағы пойыз тоқтап тұрған кезде вагондардың бірінің тамбурдағы терезесін сындырып кеткендігі анықталды. Алматы-1 станциясының желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлерінің тексеру жұмыстарының барысында 49 жасар ер азамат ұсталды және оның ішімдікке мас екені анықталды.
Медициналық тексеру ер азаматтың орта деңгейдегі масаң күйде екендігін анықтады. Аталған факт ҚР ҚК-нің 294 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу тізіміне енгізілді. Сонымен қатар ұсталған азамат ҚР ҚК-нің 440 бабы, 2 бөлімі бойынша әкімшілік жауапқа тартылды.
Көліктегі ІІД-нің Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Марат Әлкеновтың айтуынша, мұндай жағдайлар ерекше назар аударуды қажет етеді. Өйткені заң бұзушы материалдық шығынмен қатар пойыздардың жүру қауіпсіздігіне де нұқсан келтіреді және жолаушылар мен пойыз қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіреді.
Әлкеновтың сөзінше, жыл басынан бері департаменттің бақылауындағы аймақта жолаушылар пойызының терезесін сындырумен байланысты 46 факті тіркелген. Олардың 5-уі кәмелетке толмаған жастар тарапынан жүзеге асырылған. Сонымен қатар ол теміржол нысандарындағы заңға қарсы әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғандығын атап өтті.