Алматыда праймериз үміткерлері 2 мыңға жуық іс-шара өткізді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда праймериз кандидаттары үгіт-насихат науқаны басталғалы бері екі мыңға жуық іс-шара өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалына сілтеме жасап.

Кездесу барысында алматылық нұротандықтардың медициналық қамтамасыз ету мәселесіне алаңдаушылық білдіретіні белгілі болды. Халықтың барлық топтары үшін сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі – партия мүшелерінің кандидаттарға қоятын негізгі талабы.

Алматылық партия мүшелері медициналық қызмет көрсету саласындағы ең заманауи технологияларды енгізуді, медицина қызметкерлерінің кәсіби дайындығын жетілдіру үшін жағдай жасауды және мемлекеттік медициналық мекемелерде жоғары білікті дәрігерлердің тиімді қызмет етуі үшін ынталандыруды талап етеді.

Сондай-ақ, қала кәсіпорындарындағы кәсіподақ ұйымдарының мүшелерін әлеуметтік қорғауға бағытталған мәселелер көтерілді. Қаланың еңбек ұжымдарының қызметкерлері лайықты жұмыс жағдайын жасауға, еңбек заңнамасын жетілдіруге, еңбекақы төлеу жүйесіне өзгерістер енгізуге мүдделі.

Базалық лауазымдық айлықақыны заңмен белгіленген ең төменгі жалақы мөлшеріне ауыстыру жолымен бюджет саласы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін жетілдіруге ерекше назар аударылды.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цоймен кездесуде праймериз үміткерлерінің бірі карантинді жеңілдетуді және оны бұзғандарға айыппұлды көбейтуді сұрады. Карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету, дәрігерлерді әлеуметтік қорғау, шағын және орта бизнеске көмек көрсету мәселелері талқыланды.

Сондықтан, бүгінгі таңда праймериз үміткерлеріне өз бағдарламалық уәдесін орындау, қоғамның қазіргі сын-қатеріне байланысты тиісті түзетулер енгізу үшін байыпты жұмыс қажет.


Соңғы жаңалықтар
telegram