Алматыда Премьер-Министр репродуктивті медицинаның жетістіктерімен танысты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыдағы жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Репродуктивті медицина және гинекология институтының «ЭКО» орталығын аралап көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда Премьер-Министр репродуктивті медицинаның жетістіктерімен танысты

Бұл орталықта бедеуліктен емдеудің әлемдік жоғарғы технологиялары пайдаланылады.

Бақытжан Сағынтаев тіркеу бөлімі мен байланыс орталығы, жұмыс кабинеттері мен ЭКО зертханаларының жұмыстарымен танысты.

Институт директоры Тамара Джусубалиева Премьер-Министрге орталық, әлеуметтік жауапкершілік аясындағы атқарылған жұмыстар, ұрпақ өрбіту саласындағы ғылыми жетістіктер туралы баяндады.

2017 жылы Алматыда «ЭКО» орталығында 300 алматылық отбасы медициналық көмек алды. 700 отбасы кезекте тұр.

Халықаралық талаптарға сай салынған жаңа емхана заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Ота блогы мен эмбриологиялық зертхана емханадан қашықта орналасқан. Өз желдету жүйесі бар.

Үнемі қажетті ылғалдылық пен температура микроклиматын ұстап тұруға жағдай жасалған. Сонымен қатар, медициналық мекеме Алматыдағы медициналық туризмнің орталығы екендігі белгілі.

Тамара Джусубалиеваның айтуынша, мұнда көрсетілетін медициналық көмек шетелдегі медициналық қызметтен артық болмаса кем емес. Оның үстіне бағасы да қол жетімді.

Маман дәрігерлердің жоғары біліктілігі мен Қазақстан заңнамасының тиімділігі шетелдік клиенттерді тартуда септігін тигізіп отыр.

Соңғы екі жылда Түркия, ҚХР, Германия, Ресей, АҚШ-тан келген клиенттердің қатары бірнеше есе өсті.

Репродуктивтік институт жылына 3000 отбасына қызмет көрсете алады.