Алматыда профессор З. Қинаятұлының 3 бірдей ғылыми еңбегінің тұсауы кесілді

АЛМАТЫ. 29 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлының 70 жылдығына арналған конференция өтті.

Алматыда профессор З. Қинаятұлының 3 бірдей ғылыми еңбегінің тұсауы кесілді

Жиынды Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйымдастырды.

Шара барысында ғалымның 3 бірдей еңбегінің тұсауы кесілді. Олар: «Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті» 2 томдық ғылыми зерттеуі (монография), «Көзқарас» (Ұлт, тарих және адамдар тағдыры жайында), «Көшпенділік ғұмыр» (эссе).

З. Қинаятұлының «Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті» еңбегінде Шыңғыс ханның шыққан тегі мен кейбір өткір мәселелерге арналған.

«Шыңғыс ханның дүниеге келген мезгілі мен ол жайында әртүрлі деректемелер айтылып жүр. Осыған орай, бұл еңбекте тарихи тұлға туралы нақты тарихи деректермен нақты дүниеге келген уақытын беруге тырыстым», дейді кітап авторы.

З. Қинаятұлы тарихи Отанына оралғалы бергі 16 жыл ішінде 210 баспа табақ материал жазып, 58 баспа табақтан тұратын 4 еңбектің редакторы болып, 8 ғылыми еңбекке жетекшілік етті. Сонымен бірге, республикалық деңгейдегі 54 конференцияға қатысып, баяндамалар жасады, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жанындағы біріккен диссертациялық кеңесті басқарды.

Отырыста З. Қинаятұлының өмірі мен шығармашылығы бойынша слайд көрсетіліп, өлеңдері оқылды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта ғалымның 70 жылдығын салтанатты түрде атап өткелі отырғандарын жеткізді