Алматыда психикалық денсаулығы бұзылған адамдардың жағдайы талқыланды

АЛМАТЫ. Қазанның 29-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталықта "Амансаулық" қоғамдық қорының бірінші баспасөз клубы болып өтті.

Алматыда  психикалық денсаулығы бұзылған адамдардың жағдайы талқыланды

Жиында психикалық денсаулығы бұзылған адамдардың жағдайы, отандық психиатриялық қызметтердің бүгінгі жай-күйі, бұл саладағы заңды аспектілер талқыланды. Семинар аясында республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталыққа экскурсия жасалды. Журналистерге психикалық денсаулығы бұзылған адамдардың ем алу орындары таныстырылды.

"Амансаулық" қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменованың айтуынша, әлем бойынша психикалық денсаулығы бұзылған адамдар 10 пайызды құрайды. "Елімізде мұндай адамдардың есепке алынғандардардың саны - 1,8 пайыз. Бұл көрсеткіштерге қарасақ, елімізде аурулар жоқ сияқты. Бірақ статистика бойынша өзіне қол жұмсайтын адамдар бойынша еліміз 4 орында тұр, ал жастар арасында ауыр қылмыс жасайтындар бойынша - 3 орында. Еуразия бойынша қыздар арасындағы ауыр қылмыс жасау жағынан 1 орында тұр. Сонымен қатар соңғы уақытта жастар арасында өзіне қол жұмсайтын жағдайлар көбейіп кетті", - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, "Дүинежүзілік денсаулық ұйымының зерттеулері бойынша психикалық денсаулығы бұзылған адамдардың саны бүгінде 10 пайызды құраса, алдағы он жылда 15 пайызға жетуі мүмкін. Әлем бойынша бұл мәселе бірінші орында тұр. Сондықтан қазірден бастап ойланып, бұл мәселеге баса назар аудару қажет. Ондай адамдарға жағдай жасауымыз керек", - деді ол.

Алматы қаласының мүгедектер мен жүйке ауруына ұшыраған жандарға арналған интернат үйінің директоры Нәзипа Оспанованың айтуынша, мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалып, көмектер берілуде. "Соңғы кезде балалардың тамақтары да жақсарды. Бірақ бүгінде бізді оларға бөлінетін жәрдемақы мәселесі толғандырады. Кейбір қамқоршылыққа алушылар жәрдемақыларын алғанмен, жүйке дертіне ұшырағн туыстарына қажетті көмектерін көрсетпейді", - деді ол.