Алматыда пышақпен қаруланған тонаушыны полицей қолға түсірді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 7 мамыр – Отан қорғаушы күнінде ел тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегін атап өтпесе болмас.
None
None

Қызметтік борышын абыроймен атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің қатарында Түрксіб аудандық ПБ қызметкері Елмұрат Омар да бар.

Аға лейтенант суық қарумен қаруланған қылмыскерді ұстап, дүкеншіні қауіптен құтқарды.

Былтыр 14 маусымда кешкі сағат 20.15-те бір ер адам Түрксіб ауданындағы Рихард Зорге көшесі, 8-үйде орналасқан «Нива» шағын азық-түлік дүкеніне кіріп дүкеншіні пышақпен қорқытып, ұрып-соғып, одан ақша талап еткен.

Дүкенге келген әйелдердің бірі сол жерден сытылып шығып даладағылардан көмек сұрай бастайды. Сол сәтте дүкен жанынан кетіп бара жатқан полиция аға лейтенанты Елмұрат Омар ойланбастан ішке кіріп, ұрыға ту сыртынан тап берген. Ол ұрының қолынан пышақты жұлып алып, еденге құлатады.

Ұсталған күдікті осыған ұқсас қылмыстары үшін бұрын сотталған адам болып шықты.

Алматы қаласы ПД Түрксіб ауданы ПБ Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Елмұрат Омар 1995 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылында туған. Мектеп бітірген соң Алматыдағы М.Есболатов атындағы ҚР ІІМ академиясына оқуға түскен. 2017 жылы маусымда диплом алып, полиция лейтенанты шенін иеленген. Содан кейін Алматы қаласы ПД Түрксіб ауданы ПБ Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі қызметіне тағайындалған.

Қызмет барысында ҚР ІІМ алғыс хаттарымен, грамоталарымен, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған.


Соңғы жаңалықтар