Алматыда «Рахат Тауэрс» ғимаратының жертөлесінде өрт шықты

АЛМАТЫ. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматы қаласының Байзақов-Сәтбаев-Жандосов көшелерінің түйісетін жерінде орналасқан көп бейінді «Рахат Тауэрс» кешенінің жертөлесінде өрт шықты. Бұл жайында ҚазАқпарат тілшісіне қалалық халықты жұмылдыруға даярлық, азаматтық қорғаныс, апаттар мен табиғи зілзалаларды жою жөніндегі басқарма бастығы Бауыржан Ысқақов айтты.
None
None
«Көпқабатты бизнес-кешенде шыққан өрт туралы дабыл бүгін таңғы сағат 7:30-да келіп түсті. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды сағат 8:10 шамасында ауыздықтады. Алдын-ала жүргізілген тексерулер бойынша жер бетінен 3 метр төменде орналасқан жертөледе құрылыс материалдары жанған. Өрт электр желілерінің тұйықталуынан шыққан болуы мүмкін деп болжанып отыр. Өртке оранған аумақ 25-30 шаршы метрді құрайды. Тілсіз жау шахтаға түсетін лифтіні де шарпыды», дейді Б. Ысқақов.Оның айтуынша, тілсіз жауды ауыздықтауға 4 өрт сөндіру көлігі және 15 құтқару қызметкері қатысқан. Айта кетелік, «Рахат Тауэрс» Алматыдағы аса ірі көпбейінді бизнес орталық болып табылады. Ол бесжұлдызды «Рахат Палас» қонақүйінің қосымша ғимараты ретінде тұрғызылған. 25 қабат үйдің биіктігі 102 метрді құрайды.
Соңғы жаңалықтар