Алматыда Рамазан айында 100 мың дана су мен құрма таратылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Рамазан айында 100 мың дана су мен құрма таратылады. Бұл туралы брифинг барысында шаһардың бас имамы Төлеби Оспан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Алматы мешіттерінде қасиетті Рамазан айына арналған жоспар бекітілді.

«Биыл қаладағы 52 мешіттің 47-сінде тарауық намазында құран хатым түсіріледі. Қалған 5 мешітте тарауық намазы құран хатымсыз оқылады. Рамазан құран айы. Сондықтан,, осы айда қала мешіттерінде құран әліппесі мен намаз үйрету курстары қарқынды жүргізіледі»,-деді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан.

Сонымен қатар, ол Алматы орталық мешітінде «Рамазан шатыры» құрылып, күнделікті 500 кісіге ауызашар дастарханы жайылатынын жеткізді.

Қаланың басқа да мешіттерінде ауызашар беріледі. Ауызашар бергісі келетін кісілер мешіттердегі жауапты адамдарға жолығуларына болады.

«Оразаның алғашқы күні жұртшылыққа ораза айының келгенін сүйінші сұрау мақсатында «Қош келдің, Рамазан!» айдарымен қала көшелерінде 100 мың дана су мен құрма таратылады. Бұл шараға имамдар бастаған жастар жамағаты мен блогерлер жұмылдырылады. Сонымен қатар «Жақыныңа сыйлық сыйла» және «Жарапазан» эстафеталары ұйымдастырылады»,-деді Төлеби Оспан.


Соңғы жаңалықтар