Алматыда Райымбек даңғылында реверсивті жолақ пайда болады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарт- Жылу желілерін реконструкциялауға байланысты 28 шілде сағат 00:00-ден 10 тамызға дейін Алматы қаласының Жетісу ауданында Райымбек даңғылы бойында Байзақов көшесінен Казаков көшесіне дейін батыс бағытта автомотокөлік қозғалысы жабылады. Кептелісті азайту үшін бұл аумақта реверсивті жолақ бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда Райымбек даңғылында реверсивті жолақ пайда болады

«Алматы жылу желілері» ЖШС-нің мәліметінше, реверсивті жолақ - жол жүру бағыты қарама-қарсы бағытта өзгере алатын ауыспалы жол бөлігі.

Бұған қоса, күн сайын сағат 15:00-ден 19:00-ге дейін жылу желілерін жаңғырту жөніндегі жұмыстарды жүргізу уақытында жол қозғалысына қосымша бақылау шаралары қолданылады.

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасына сәйкес, құрылысшылар даңғылдың асфальт жабынын қалпына келтіру жұмысын оқу жылы басталғанға дейін аяқтайды.

Мердігер құрылыс ұйымы жылу магистралін реконструкциялауды тәулік бойы, кідіріссіз жүргізеді.

Бұл үшін құрылған бригадалар орындалған жұмыстардың сапасын барынша қамтамасыз етіп, нысанда бірнеше ауысымда жұмыс істейді.

Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында аталған жолдың астындағы құбырда жоспарлы жұмыс жүргізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін уақытша шектеу енгізіледі.

«Алматы жылу желілері» ЖШС мәжбүрлі қолайсыздыққа түсіністікпен қарап, көрсетілген учаскені айналып өту жолын алдын ала қарастыруды сұрайды.

Бұған дейін Райымбек даңғылы бір айға жабылатынын жазған болатынбыз.