Алматыда Ресей би өнерінің шебері Михаил Вишневский шеберлік-дәріс өткізуде
АЛМАТЫ. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Ресей би өнерінің шебері Михаил Вишневский Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театрының әртістеріне хореографиялық жаттығу сабақтарын өткізіп, шеберлік-дәріс беруде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қаласына арнайы шақыртумен келген хореограф театр әртістеріне сахна қозғалысы, сахна тілінің ерекшеліктерінің би өнерімен тікелей қарым-қатынасын түсіндіріп, жаттығу әдістерімен көрсетті.
"Актер бір орында тұра алмайды. Ол қойылымнан қойылымға дейін өсуі керек, жетіле түсу қажет. Бұл - актер өнерінің ажырамас бөлігі", деді Ресей би өнерінің шебері Михаил Вишневский. Оның айтуынша, көптеген ресей театрларының тәжірибесінде осындай тренингтер өтіп тұрады. «Барлық уақытта хореографиялық дайындық жүріп тұрады. Бірақ, пластикалық тренинг болу керек. Бұл өзінше бір жаңалық. Актердың өз «кухнясы» деп айтса да болады. Ол көрермен көрмейтін әлемде жүріп, өзімен өзі сөйлеседі. Әртіс онысыз сахнаға шыға алмайды. Бұл - көрерменді таң қалдыру үшін, басқа әлемге енгізу үшін, әсер алу үшін қажет», деп санайды ол.
Оның жетекшілігімен осындай тренингтер Мәскеу, Санкт-Петербург, Львов, Челябі қалаларында өткен. "Мен Қазақстанға бірінші рет келдім. Маған Орталық Азия театрлары ұнайды. Сондықтан, басқа көршілес елдерге де бару жоспарымда бар", деп атап өтті ресейлік хореограф.