Алматыда Республикамыздағы тұңғыш әлеуметтік көрме ашылды
Шараны Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның Жастар медиаодағы, «Дом Идей Колесо» ЖШС, Алматы қаласының Азаматтық альянсы және «Дастархан» ЖШС бірлесе ұйымдастырып отыр. Онда «Біз - алмалылықтармыз» атты байқау жеңімпаздарының фотосуреттері қойылған. Байқаудың мақсаты тұрғындардың туған қаласына, ауданына деген сүйіспеншілігін тудыру, әлеуметтік мәселелерге көңіл аударту және аудан болашағы туралы ашық сұхбатқа шақыруға бағытталған.
Байқау үздік маман, үздік ПИК, үздік аула, үздік кіреберіс, тірі аңыз және қызықты бастама аталымдары бойынша жүргізілген. Оған Алмалы ауданы тұрғындарынан барлығы 50 туынды ұсынылып, оның 20-сы ең үздіктері деп танылды.
«Біздің басты байлығымыз - адамдар, біздің тұрғындар. Басты идеямыз осы қаламыздың шынайы, жанашыр тұрғындарын көрсету еді. Олардың бәрі осы қаламыздың гүлденуі мен өркендеуіне үлес қосқан жандар. Жобаны жүзеге асыруда қоғамның өзекті мәселелеріне баса назар аударылды», деді Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі Марат Пірінбеков.