Алматыда «Ретро жұлдыздар шақырады» деп аталатын дәстүрлі ән кеші өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыдағы Республика сарайында «Ретро жұлдыздар шақырады» деп аталатын дәстүрлі ән кеші өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Биыл үшінші рет өткізіліп отырған бұл шараның ұйымдастырушысы «Мұрагер» продюссерлік орталығы. «Жоба ХХ ғасырдың 70-80 жылдары қазақ эстрадасы көгінде жарқыраған жұлдыздарды және кейінгі бірнеше буынының өміріне сән берген таңдаулы әндерін насихаттауды мақсат тұтады. Сол әндердің көпшілігі қазіргі кезде де танымалдығы мен сұранысы жағынан заманауи туындылардан асып түсіп жатыр. Бұл олардың өміршеңдігін, сапалылығын байқатса керек», дейді режиссер Асқар Наймантай. Оның айтуынша, биылғы кешке әншілерден Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Ақжол Мейірбеков, Сембек Жұмағалиев, Гүлнар Сиқымбаева, Ералхан Әбішев, Рамазан Елібаев, Айжан Нұрмағамбетова, Абит Қалиев, Бақтияр Тайлақбаев, Жеңіс Ысқақова, Жеңіс Сейдоллаұлы, Бақыт Шадаева, Құдайберген Бекішев, Майра Дәулетбақова, Мұхтар Әшірбаев, Дүйсенқан Сыздықов қатысуда. Сондай-ақ «Арқас», «Алтын дән», «Жібек жолы», «Айгүл» ансамбльдері мен «АРУ» тобы да тыңдаушысына өз өнерін көрсетпек.