Алматыда Рейхстагқа ту тіккен қаһарман Рақымжан Қошқарбаевтың құрметіне мемориалды тақта ашылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Бұл тақтаның ашылуы - шындықтың салтанат құруы. Бұл күн әкеме 60 жылдан кейін болса да "Халық Қаһарманы" атағының берілуімен айтулы күн. Тақта бұған дейін Жамбыл көшесі жағында ілініп тұрды. Ол жерде кафе ашылғандықтан алып тасталған болатын. Алматы әкімдігі Ұлы Жеңістің 65 жылдығы алдында бізге үлкен қуаныш сыйлағандығына ризамыз", деді ардагердің қызы Әлия Рахымжанова.
Бұған дейін белгілі болғандай, Ресейдің әскери тарих институты қазақстандық 150-ші атқыштар дивизияның, 1-ші Беларус майданының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаев 1945 жылы сәуірдің 30-ы күні Рейхстагқа ту тіккендердің бірі болды деп мақұлдаған болатын.
"Бұл деректі білген адамдар болса да, ол дәйек мойындалмай келді. Бір өкініштісі, шындық орнағанда әкемнің өмірде болмағандығы", деп атап өтті батырдың қызы.
Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Отан соғысында ерлігі үшін полк басшылығы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынса да, ол Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған.
Батыр дүниеден өткеннен кейін, 1999 жылы мамырдың 7-де Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен "Халық Қаһарманы" атағы берілді. Бүгінде Ақмола облысының Косшы ауылындағы орта мектеп Рақымжан Қошқарбаев есімімен аталады. Сондай-ақ, Астана қаласында батырдың есімімен аталатын көше бар.
Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылы дүниеден озды.