12:07, 26 Қараша 2009 | GMT +5
Алматыда «Ризашылық» қайырымдылық мерекесі өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Қарашаның 26-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда «Бөбек» қорының бастамасымен балалар үйлері тәрбиеленушілеріне арналған «Ризашылық» қайырымдылық мерекесі өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл мереке елімізде тұңғыш рет өткізілуде, оның ең басты міндеті - жетім балаларға отбасылық жылы көңіл-күй сыйлау. Таңертең басталған мерекеде әрбір балалар үйіне «Бөбек» қоры атынан үй кинотеатры сыйланған. Бұдан басқа, балалар үйлерінің барлық тәрбиеленушілеріне еліміздің бірінші ханымы Сара Назарбаеваның құттықтау батасы мен тілек сөздері бар ашық хат тапсырылған.
Сонымен қатар, балалар көңілді ойындар ойнап, караокемен өлеңдер айтудан жарыс ұйымдастырылып, танымдық фильмдер, мультфильмдер көрсетіледі. Шара кешке «Ризамыз бүгінге, ризамыз қазірге!» атты мерекелік концертпен аяқталады.