Алматыда Роза Рымбаеваның «Ертеңіме сенемін» атты мерейтойлық концерті өтеді (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда үстіміздегі жылдың 28-ші қазанында Республика сарайында Қазақстанның халық әртісі, ұстаз әрі профессор, атақты эстрада әншісі Роза Рымбаеваның шығармашылық қызметіне 40 жыл толуына орай, «Ертеңіме сенемін» атты мерейтойлық концерті өтеді. Осыған байланысты бүгін Роза Қуанышқызы журналистермен кездесіп, алдағы болатын шығармашылық кеші жайлы сыр бөлісті.
None
None

«Менің сахнада жүргеніме биыл 40 жыл толды. Ол кезінде осы Республика сарайынан бастау алып еді. Содан бері міне, аттай 40 жыл өтіпті. Бұл аз мерзім емес. Сондықтан, алдағы шығармашылық кешім - бұл мен үшін есеп беру концерті. Әрине, қобалжудамын. Өйткені, бүгінгі көрерменнің талғамы, көзқарасы басқашалау деп ойлаймын. Сондықтан, бұл концертке барынша тыңғылықты дайындалдық. Бұл мен үшін шығармашылық емтихан іспеттес. Халқыма қаншалықты бабымда екенімді және репертуарымды көрсеткім келеді. Көрермен күткен деңгейден көрінсем деймін», - деді Р. Рымбаева.

Сонымен қатар, Роза Қуанышқызы алдағы концертінің Алматы қ. әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемеледуімен жүргізілетіндігін айтты.

«Сирек болса да, менің ең айтулы концерттерім оркестрдің сүйемелдеуімен жүзеге асырылады. Бұл жолы да мен оркестрдің көмегімен өзім және әншілермен бірге дуэт болып ән шырқаймын. Маған әншілер, оркестр және музыкант ұлдарым - Әли мен Мәди жан-жақты шығармашылық қолдау көрсетіп жатыр. Мен бұл жағынан бақытты жанмын», - деді Р. Рымбаева.

Айта кетелік, концертке КСРО халық әртісі Әлібек Дінішев, "Астана Опера" әншісі Сүндет Байғожин, эстрада әншілері - Жұбаныш Жексенұлы, Рүстем Нұржігіт, Мәдина С2дуақасова, Әли Оқапов, Мөлдір Әуелбекова, Мақпал Исабекова, Ділназ Ахмадиева, Алмас Кішкенбаев, Нұржан Керменбаев, Индира Еділбаева, The Jigits және ORDA топтары қатысады.

Сондай-ақ, мерейтойлық концерт қазіргі кездегі технологиялар мен заманауи шоу саласындағы жасалымдарға негізделе отырып, әншінің мәртебесіне сай дайындалған. Концерттік бағдарламаны дайындауға ҚР мен ТМД елдерінің ең үздік мамандары шақырылды. Шығармашылық кеш "live" форматында өтеді. Концерт қорытындысы бойынша жазылып алынған дыбыстық материалдар негізінде мерейтойлық аудио және бейне дискілер, бейне клиптер шығарылады.

Айта кетелік, 28-ші қазан - Роза Рымбаеваның туған күні.

Соңғы жаңалықтар