Алматыда С. Бегалиннің 115 жылдығына арналған зияткерлік сайыс өтті
АЛМАТЫ. 24 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыдағы Қазақстан жазушылары кітапханасында Сапарғали Бегалиннің 115 жылдығына арналған мектеп оқушыларының «Алтын қақпа» зияткерлік сайысы болып өтті.
Оны Қазақстан Жазушылар одағы мен «Шұғыла» демалыс орталығы бірлесе ұйымдастырды. Шараның мақсаты оқушыларды Сапарғали Бегалиннің шығармашылығымен кеңінен таныстыру және зияткерлік сайыс арқылы оқушылардың білімін шыңдау, сондай-ақ жас қаламгерлер шығармашылығын дамытуға бағытталған.
Шара барысында Алматы қалалық №104 және №123 мектеп оқушыларының командалары С. Бегалин шығармашылығы бойынша сайысқа түсті. Нәтижесінде №123 мектеп-гимназиясының оқушысы Болат Разыгүл жеңімпаз атанды. Аталмыш кітапхана меңгерушісі Елена Ағайса танымал ақын-жазушылардың шығармашылығын кітапхананың дәстүрлі түрде насихаттап отыратынын атап өтті. «С. Бегалин балалар әдебиетінің дамуына үлес қосқан талантты жазушы. Бүгінде көрнекті тұлғаның 115 жылдығын атап өту мақсатында осындай шара ұйымдастырып отырмыз», - деді ол.
Шара аясында С. Бегалиннің өмірі мен шығармашылығына арналған «Балалардың сүйікті жазушысы» атты кітап көрмесі ұсынылды.