Алматыда сәбилердің 70 пайызы Әуезов ауданында дүниеге келеді
АЛМАТЫ. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Жанар Шағалақова / -Алматыда сәбилердің 70 пайызы Әуезов ауданында дүниеге келеді.
Оны аудан әкімі Әділ Несіпбаев бүгін Қалқаман ықшам ауданындағы №1 қалалық клиникалық ауруханада өткен «Медицина қызметкерлері» күніне арналған мерекелік шарада айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Республика бойынша тұрғындарының саны жағынан ең алдыңғы орында тұрған біздің ауданда 310 мыңнан астам адам тұрады. Онда мемлекеттік кепілдемелі қызмет көрсететін 3 аурухана, 5 емхана, 3 перзентхана, 2 балалар шипажайы мен №2 балалар үйі және туберкулезге қарсы диспансер орналасқан. Әуезов ауданының тағы бір мақтан тұтары - қала бойынша дүниеге келетін сәбилердің 70 пайызы біздің ауданның үлесінде. Мысалы, өткен жылы Әуезов ауданында барлығы 17 827 бала өмірге келді», дейді Әділ Сағынбекұлы. Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда аудандағы медициналық мекемелерде 5737 қызметкер еңбек етеді. Мемлекет тарапынан медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға соңғы жылдары ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мәселен, биыл олардың жалақысы 25 пайызға көтерілді. Енді 2010 жылы тағы да 25 пайызға, ал 2011 жылы 30 пайызға көтеріледі деп жоспарланып отыр.