Алматыда «Садықов оқулары» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жыл сайынғы дәстүрлі «Садықов оқулары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Биыл екінші рет өткізіліп отырған ғалымдар басқосуына ТМД мемлекеттерінен келген көрнекті ғалымдар, ізденушілер және ғалым-ұстаздың ұлы Еркін Тоқмұхамедұлы қатысты. Конференцияның басты мақсаты гуманитарлық ғылымдардың өзекті мәселелерін талқылап, академик Тоқмұхамед Садықовтың ғылымға сіңірген еңбегін ашып көрсетуге бағытталған.

«Мен Т. Садықовпен 1959 жылдан бері студент кезімізден бірге оқып, бірге қызмет еткен адаммын. Бұл кісінің арқасында Қазақстанның педагогика ғылымдары үлкен табыстарға жетті. Педагогика ғылымдарының доктор, кандидаттары бұрын бізде болмаған еді. Кейінгі шыққан ғалымдардың барлығы осы кісінің шәкірттері. Бүгінгідей оқулардың жыл сайын ұйымдастырылуы жастарымыз ғана емес, мемлекетіміз үшін де өте маңызды», дейді пед. ғ. д., профессор, академик Жеңіс Соқыбаев.

Конференция жұмысында 100-ден астам баяндамалар мен презентациялар талқыланды. Бұл шара «Қазақстан жоғары мектебінің қалыптасуы мен дамуындағы академик Т. Садықовтың рөлі мен қызметі», «Гуманитарлық ғылымдардың өзекті мәселелері» және «Жоғары оқу орындары мен орта мектептерде тарих пәнін оқыту үдерісіне жаңа инновациялық технологияларды ендіру жолдары» секциялары бойынша жүргізілді.

Конференция аясында ғалымның ғылыми еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылды. Қатысушылар түстен кейін ғалым-ұстаздың Кеңсайдағы зиратының басына барып құран оқытты.

Соңғы жаңалықтар