Алматыда сақтандыру мен тәуекелдерді басқаруға арналған кинофестиваль өтті
АЛМАТЫ. 12 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Алматыда сақтандыру мен тәуекелдерді басқаруға арналған «СтрахOFF!» ІІ Қазақстан кинофестивалі өтті. Оны «Евразия» сақтандыру компаниясы мен Олег Борецкийдің киноклубы ұйымдастырды.
Қазір қоғамда әлемдік экономиканы дамытудың түрлі сценарийлері талқыланып жатыр. Атап айтқанда дағдарыстың жаңа толқыны, ұзақ мерзімді рецессия және экономика өсуінің төмендеуі мен тауарға, қызметтерге деген сұраныстың құлдырауына байланысты туындаған мәселелер. Экономиканы дамытуды жоспарлап отырған қоғам үшін және жалпы кез келген саланың сарапшысы үшін аса күрделі жәйт - белгісіздік жағдайы. Бірақ, қандай жағдай болмасын бір нәрсе өзгермейді, ол - анағұрлым қиын кезеңдерге дайын болу үшін тәуекелдерді басқару қажеттілігі. Бүгінгі таңда өзекті екеніне қарамастан, тәуекелдерді басқару әлі де тұтынушылардың көпшілігі үшін нақты жұмыс істейтін құрал емес, жаңадан енген термин ретінде қалып отыр. Сондықтан да бұл шараны ұйымдастырушылар сақтандыру мен тәуекелдерді басқару ерекшелігін кино арқылы қызықты етіп түсіндіріп, кәсіби таныстыру бастамасын өз қолына алып отыр. Олардың сөзіне сүйенсек, жыл өткен сайын танымалдылығын жоғалтпайтын кино сақтандыру және тәуекелдерді басқару сияқты күрделі, алайда бүгінгі күннің маңызды мәселесіне тұтынушылардың назарын аударта алады.