Алматыда салық төлемегендерге айыппұл салынады деген ақпарат жалған - МКД

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Салық төлемеген тұлғаларға айыппұл салынады деген ақпарат жалған. Бұл туралы Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер Департаменті нақтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Мессенджерлерде таралып жатқан ақпаратта салық төлемеген тұлғаларға айыппұл салынатыны хабарланған. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Мүлік, жер, көлік салығын уақытында төлемеген тұлғалар ҚР ӘқбК көрсетілген нормаларға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Салықты уақытында төлемеген тұлғалар тек өсімін төлейтін болады. Сонымен қатар, 2018 жылғы жеке тұлғалардың мүлік пен жер салығы 2019 жылдың 1 қазанына дейін төленетінін ескертеміз. Биыл 2017 жылдың салығы төленуі шарт»,- деді қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінен. 

Құзырлы органның хабарлауынша, салық төлемеген азаматтарға мынадай шара қолданылады. ҚР Салық кодексінің 24-бабына сәйкес 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық банктер борышкер адамдарға шот ашпайды. Сондай-ақ, егер қарыз көлемі 1 АЕК асқан жағдайда 30 жұмыс күні ішінде төленбесе, салық органы бұйрық шығарып, сотқа арыз түсіре алады. 

ҚР «Сот орындаушыларының атқару өндірісі мен сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 33-бабына сәйкес 48 100 теңгеден астам борышы бар жеке тұлғаларға шетелге шығуға тыйым салынады. 

Борышкерлер тізімі ҚР Әділет министрлігінің сайтында жарияланған. 

Ал жеке тұлғалар қарызы бар-жоғын www.kgd.gov.kz интернет ресурсынан ЖСН теру арқылы тексере алады.

Соңғы жаңалықтар
telegram